$ 494.87  520.65  4.91

«Топ жаруға дайын»: Бокстан бас бапкер аса ауыр салмақтағы жаңа чемпионның есімін атады

Алдағы Азия чемпионатында бұл баланы ұтуға шамамыз жетеді. 

Фото: sports.kz
Фото: sports.kz

92 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Баходир Жалолов кәсіпқой боксқа ауысты. Қазақстан бокс құрамасының жаңа бас бапкері енді жаңа чемпион кім болады деген сұраққа "Бірінші бол" YouTube арнасында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бапкердің айтуынша, аса ауыр салмақта жастар арасында елімізде резерв жоқ.

"Жақында Айбек Оралбай аса ауыр салмаққа ауысты. Ол әлі толық бабына келген жоқ. Соған қарамастан Шымкенттегі турнирде жеңімпаз атанды. Айбектің артықшылығы ауыр салмақтағы боксшылардың ішінде өте жылдам. Сосын сериялық соққылары көп. Алдағы Азия чемпионатында топ жаруға дайын", - дейді Қайрат Сәтжанов.

Маман Азия чемпионатында Айбекке тағы бір өзбек боксшысы басты қарсылас болуы мүмкін екенін тілге тиек етті.

"Баходир Жалолов боксты қойғанымен, Өзбекстанда ауыр салмақта Жахонгир Зокиров деген тағы бір жас жігіт бар. Жалоловпен спарринг жасап жүріп біраз тәжірибе жинады, Олимпиада ойындарына қатыспаса да, бірге барып жүрді. Деңгейі біраз өскен. Меніңше, алдағы Азия чемпионатында бұл баланы ұтуға шамамыз жетеді. Түсініксіз жайттар болып қалмаса, Айбек оны ұтады деп ойлаймын", - дейді бас бапкер.

Оның сөзіне қарағанда, аса ауыр салмақта жастар арасында елімізде резерв жоқ.

"92 келіден жоғары салмақта жастар арасында ешкім жоқ, одан төмен салмақтарда жігіттер бар. 92 келіге дейінгі салмақта қызылордалық боксшы бар еді, бірақ ол жақында бүйрегіне операция жасатып, әзірге шаршы алаңға оралуға дәрігерлер рұқсат бермеді. Бірақ болашағынан үміт күттіретін бала екен, қол-аяғы жұмыс істейді, бойшаң, қорықпайды. Сондықтан бізге ауыр салмақтағы боксшылар керек, облыстардан, ауыл-аймақтан сондай балаларды іріктеп, дайындауымыз қажет", - деді Қайрат Сәтжанов.

Бапкердің айтуынша, осы салмақтағы ең тәжірибелі боксшы Қамшыбек Қоңқабаев 92 келіге дейінгі салмаққа ауысуы мүмкін.

"Осы жолы Қамшыбек бауырымыз жарақаттарын емдеп алу үшін рұқсат сұрады. Келесі оқу-жаттығу жиындарында да Қамшыбек те болады. Ол жай боксшы емес, еңбегі сіңген. Жалоловты қуалап жүрген Қамшыбек қана. Ең мықты боксшымыз қазір сол. Сондықтан оның тәжірибесін пайдалануымыз керек. Жастар Қамшыбек секілді құраманың белді мүшелерімен бокстасу арқылы өседі. Жаңадан келген диетологымыз Қоңқабаевты 92 келіге ауыстыру туралы да ой қозғады. Көреміз, мүмкін солай дұрыс та шығар", - деді бас бапкер. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 18
Ұнамайды 1
Күлкілі 3
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары