Матч біткен соң дау туындап, жаттықтырушы Бабаян ойыншыға қол көтерген.
"Астана" футбол клубының жаттықтырушысы Григорий Бабаянға матчтан кейінгі әрекеті үшін 1 миллион теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан футбол федерациясының мәліметіне сәйкес жанжал 30 қазанда "Астана" мен "Атырау" клубтарының арасындағы матчтан кейін болған. Ойында 3:2 есебімен астаналық клуб жеңіске жеткен. Алайда матч біткен соң дау туындап, жаттықтырушы Бабаян ойыншыға қол көтерген.
Даудан кейін 1 қарашада "Астана" мен "Атырау" командалары арасындағы тәртіп бұзушылық Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этика комитетінің отырысында қаралған.
"ҚФФ Этика кодексінің 10, 12, 13 тармақтарын бұзғаны үшін 48-тармақты негізге ала отырып "Астана" құрамасының жаттықтырушысы Бабаян Григорийді 2 матчқа ойыннан алшақтатып, 300 АЕК немесе 1 107 600 теңге айыппұл салынды. Ойыннан алшақтату мерзімі 2024 жылдың 31 қазанынан бастап есептеледі. Айыппұлды 2024 жылдың 1 желтоқсанына дейін төлеуі керек", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар "Атырау" клубына 369 200 теңге айыппұл салынған. Ал клуб ойыншысы Barbosa Soares Mateus тәртіпке қайшы әрекеті үшін 200 АЕК немесе 738 400 теңге айыппұл төлейді.