04.11.2024, 13:00

Төрехан Сабырхан әлем чемпионатының ең үздік боксшысы атанды

Фото: ҚБФ

Тамаша өнерімен талайды тамсандырған Төрехан Сабырхан финалға дейін қарсыластарына еш мүмкіндік бермей ұтты.

Бокстан жастар арасындағы Қазақстан құрамасының капитаны Төрехан Сабырхан әлем чемпионатының ең үздік боксшысы атанды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының 4 дүркін жеңімпазы Төрехан Сабырхан Черногорияның Будвада қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы ғана атанып қоймай, әлем біріншілігінің ең үздік боксшысы атанды. Тамаша өнерімен талайды тамсандырған Төрехан Сабырхан финалға дейін қарсыластарына еш мүмкіндік бермей ұтты. 

67 келі салмақта сынға түсіп жатқан отандасымыз алғашқы екі кездесуін айқын ұтып, ширек финалда да өзбекстандық былғары қолғап шеберін айқын ұтса, жартылай финалда қытайлық боксшыны 5:0 есебімен тізе бүктірді. Ал финалда кубалық Дэвид Мануэль Эспиноса Сантояның мысын басты.