Ал турнирдің қазіргі фавориті ретінде ресейлік гроссмейстер Александра Горячкина көш бастады.
Шымкентте әйелдер арасындағы FIDE Гран-приінің екінші кезеңі өтіп жатыр. Турнирдің 6-туры аясында қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева жеңіліс тапты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
4 қарашада Гран-при турниріне қатысып жатқан он шахматшы демалыс алған болатын. Ал кеше, 5 қарашада турнирдің 6-туры аясында Бибісара Асаубаева атақты ресейлік шахматшы Екатерина Лагнодан жеңіліс тапты.
Бұл жеңіліс Бибісара Асаубаеваны көшбасшылар тізімінен шығарып, оны 3,5 ұпаймен 4-орынға сырғытты. Қазақстандық шахматшы енді қалған 3 турда бақ сынайды. Ал турнирдің қазіргі фавориті ретінде ресейлік гроссмейстер Александра Горячкина көш бастады. Соңғы төрт турда барлық кездесуінде жеңіске жеткен Горячкинаның еншісінде 5 ұпай бар.
Турнир кестесінің одан кейінгі орындарына грекиялық Ставрула Цолакиду (4 ұпай) мен қытайлық Тан Чжунъи (4 ұпай) орналасқан.
Айта кетейік, қазіргі таңда шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Бибісара Асаубаева жалпы FIDE Гран-приінің кестесінде 2-орында келеді. Гран-при турнирінің алғашқы кезеңі жақында Грузияның Тбилиси қаласында өткен еді.