13.11.2024, 16:20

Ұлттық құрама капитаны ҚФФ президентінің қызметінен кетуіне қатысты пікір білдірді

Фото: ҚФФ

"Жақсының жақсылығын айт" дейді.

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыберген федерацияның бұрынғы президенті Әділет Барменқұловтың қызметінен кетуіне байланысты пікір білдірді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Еске салайық, 8 қарашада Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов өз еркімен қызметінен кету туралы шешім қабылдаған болатын. Осы мәселеге қатысты ұлттық құрама капитаны Асхат Тағыберген Алматыда өтіп жатқан баспасөз мәслихатында пікір білдірді. "Біздің де көңіліміз түсті. Екі жарым жылдың ішінде көп нәрсе жасадық.

"Жақсының жақсылығын айт" дейді. Екі жарым жылда елімізде футболымызға серпіліс әкелдік, соны әрі қарай жалғастырамыз деп ойлаймын. Осыған дейін қанша басшы ауысты, қанша президент болды, біз тек футболшы ретінде өз жұмысымызды істеуіміз керек", - деді Асхат Тағыберген.

Айта кетейік, 14 қарашада Қазақстан құрамасы өз алаңында Аустрияға қарсы кездесу өткізеді. Ал 17 қарашада сырт алаңда Норвегиямен кездеседі.