19.11.2024, 18:00

15 жастағы қазақстандық спортшы Қытайдағы жарыста алтын медаль еншіледі

Фото: Бағдәуір Үлкенбайдың жеке мұрағатынан

"Ендігі арманым – Қазақстанда да мықты спортшылар тәрбиелеп, көк туымызды желбіретіп, еліміздің дамуына үлесімізді қосып, еңбегімді сіңіру", - деді ол. 

15 жастағы қазақстандық спортщы Мұрат Нұрболсын Қытайдың Үрімжі қаласында өткен жеңіл атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы халықаралық жарыста тамаша нәтиже көрсетіп, екі жүлдені қанжығасына байлады. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Құрлықтың мықты спортшылары қатысқан бұл сайыста қазақстандықтар өз шеберліктерін сынады. Солардың ішінде Мұрат Нұрболсын ерекше көзге түсіп, 1500 метр қашықтықта жеңіске жетіп, алтын жүлдені еншіледі. Сондай-ақ ол 3000 метрлік сайыста күміс жүлдегер атанып, тағы бір табысына қол жеткізді.

"Бұл жарыста 5 мемлекеттен 300 ден астам спортшы бақ сынады. Шәкіртім Мұрат Нұрболсынұлын жаттықтырып жүргеніме 1 жылдан асты. Ол 4 рет Қазақстан чемпионы болған. Бұл жолғы халықаралық бәсекеде қажырлы еңбегімен, жігерінің арқасында чемпион атанып, бәрімізді қуантып отыр. Оның алдағы болашағынан үлкен үміт күтемін. Мен жаттықтырушы ретінде жұмыс жасап келе жатқаныма 20 жылдан асты. Шәкірттерім үлкен додаларда топ жарып жүр. Атажұртқа келгеніме бір жылдан асты. Ендігі арманым – Қазақстанда да мықты спортшылар тәрбиелеп, көк туымызды желбіретіп, еліміздің дамуына үлесімізді қосып, еңбегімді сіңіру", - деді спортшының жаттықтырушысы Бағдәуір Үлкенбай.

Айта кетейік, Астана қаласындағы №9 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жеңіл атлетика бойынша жаттықтырушы болып жұмыс істейтін Бағдәуір Үлкенбай – Қытай қазақтарының арасынан шыққан танымал бапкерлердің бірі. Оның шәкірттері Бейжіңде өткен марафондарда топ жарып, жүлделі орындардан көрініп жүр.