Сонымен, Нұрлан Сапарбай – бокстан ҚР чемпионы.
Бүгін Қарағанды қаласында бокстан Қазақстан біріншілігінің финалдық кезеңі өтеді. Десе де, ақтық айқас басталмай тұрып, бірнеше боксшы ел чемпионы атанып үлгерді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ерлер арасында 67 келі салмақта сынға түскен Төрехан Сабырхан жекпе-жек өткізбей-ақ жеңімпаз саналды. Оның қарсыласы маңғыстаулық Санатәлі Төлтаев сырқатына байланысты финалдық кезеңге шықпайтын болған. Осылайша, жастар арасында жеңіліс дәмін сезіп көрмеген "қазақтың Ломоченкосы" ересектер арасында топ жарып отыр.
Сонымен қатар, +92 келі салмақта алтын жүлдеге таласатын ағайынды Нұрлан мен Данияр Сапарбайлардың жекпе-жегін көпшілік тағатсыздана күткен-ді. Бірақ, кездесудің өтпейтіні хабарланды. Сонымен, Нұрлан Сапарбай – бокстан ҚР чемпионы.
Қыздар арасында 48 келіде жұдырықтасатын танымал боксшы Назым Қызайбайдың да қарсыласы финалдық кездесуге шығудан бас тартқан. Осылайша, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері кезекті Қазақстан чемпионы атағына қол жеткізді.