Бұл жолы да Николай Шавалдиннің шәкірттері қазандықтарға қарсы еш қиындықсыз жеңіске жетті. Кездесу 10:1 есебімен «Ақжайықтың» пайдасына шешілді.
Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында өткен бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Қазанның «Ак Барс-Динамо-2» командасын қабылдады, деп хабарлайды Sкifnews.kz ақпарат порталы.
Бұған дейін оралдықтар Орынборда жергілікті «Локомотивті» 18:5 және 20:3 есебімен айқын жеңген еді.
Бұл жолы да Николай Шавалдиннің шәкірттері қазандықтарға қарсы еш қиындықсыз жеңіске жетті. Кездесу 10:1 есебімен «Ақжайықтың» пайдасына шешілді. Ойын барысында айдын иелерінен команда капитаны Максим Өтебалиев төрт гол соқты. Сонымен қатар, Максим Пахомов пен Рауан Исалиев әрқайсысы екі доптан ендіріп, Артем Лапшин мен 18 жастағы Руслан Таухаев та гол авторлары қатарынан көрінді.
Қонақтар тарапынан тек Владимир Нигметзянов қана есеп ашып, командасының жалғыз голын соқты. Ертең екі команда екінші кездесуін өткізеді. Осы жеңіс нәтижесінде оралдықтар 30 ұпаймен өз тобында екінші орынға көтерілді.