22.02.2025, 18:30

«10 жылдан кейінгі алғашқы жеңіс»: қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы төрт құрлық чемпионатында алтын алды

Фото: Сали Сабиров/Ұлттық олимпиадалық комитет

Бұл қазақстандық мәнерлеп сырғанау тарихындағы төрт құрлық чемпионатының екінші алтыны.

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы Михаил Шайдоров 2025 жылғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сенбі күні ерлер арасындағы мәнерлеп сырғанаушылар еркін бағдарламада өнер көрсетті. Шайдоров үздік нәтиже көрсетіп, жалпы есепте бірінші орын алды. Осылайша ол төрт құрлық чемпионатында алтын еншіледі. Қазақстандық спортшы еркін бағдарламадан жинаған ұпай (190,37) мен жалпы ұпай (285,10) бойынша жеке рекордтар орнатты.

Бұл қазақстандық мәнерлеп сырғанау тарихындағы төрт құрлық чемпионатының екінші алтыны. 2015 жылы жеңіс тұғырына Денис Тен көтерілген еді. Сонымен қатар Элизабет Тұрсынбаева 2019 жылы күміс алды.

Осы жолғы турнирдің күміс жүлдесін оңтүстіккореялық Чха Чжун Хван (265,02) иеленді, қола америкалық Джимми Маға (245,01) бұйырды. Тағы бір қазақстандық Диас Жиренбаев 19-орынға жайғасты (166,34).

Естеріңізге сала кетейік, төрт құрлық чемпионатына Еуропадан тыс елдердің мәнерлеп сырғанаушылары қатысып жатыр. Сенбі күні мұздағы биден жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталса, жексенбі күні әйелдер соңғы медальдар жиынтығын сарапқа салады.