26.02.2025, 02:30

«Төреші тоқтатты»: Айбек Оралбай да қарсыласын нокаутқа түсірді

Фото: Olympic.kz / Сали Сабиров

Ол келесі айналымға қиналмай өтті.

Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан дәстүрлі халықаралық Странджа турнирінде қазақстандық боксшы Айбек Оралбай да қарсыласын айқын басымдықпен ұтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Париж Олимпиадасынан кейін 92 келі салмаққа ауысқан Айбек аталған турнирде пәкістандық боксшы Абдул Вахаб Тахирға қарсы жекпе-жекке шыққан болатын.

Нәтижесінде рингтегі төреші айқасты бірінші раунд аяқталмай-ақ тоқтатты. Осылайша Нұрбек Оралбайдың егізі де қарсыласын мерзімінен бұрын техникалық нокаутпен ұтып, келесі айналымға қиналмай өтті.

Енді Айбек 1/4 финалда франциялық Годстим Идемудиямен кездеседі, ол өз кезегінде 1/8 финалда Өзбекстан атынан сынға түсіп жатқан қазақ боксшы Арман Махановты жеңді.