27.03.2025, 13:40

Енді легионер спортшыларға бюджеттен бір тиын да төленбейді

Фото: depositphotos.com

Кәсіби спорт клубтарын ұстауға лимиттер белгіленеді.  

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы

Жаңа заңнамаға сәйкес, еліміздегі спорт саласына бірқатар маңызды өзгерістер енгізіледі:

• Басым спорт түрлері Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Пара Азия ойындарында ұлттық құрама командалардың көрсеткіштеріне қарай айқындалады; • Республикалық және өңірлік спорт федерациялары ұлттық спорт федерациялары ретінде қайта құрылатын болады; • Жоғары жетістіктер спортына жататын басым спорт түрлері бірінші кезекте қаржыландырылады; • Спорттың ойын түрлеріне арналған кәсіби клубтарды ұстауға лимит белгіленеді; • Қазақстан азаматы болып табылмайтын спортшыларды бюджет қаражатынан қаржыландыруға тыйым салынады; • Спорт федерацияларын аккредиттеу талаптары бекітіледі; • Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын қабылдау міндеті аккредиттелген спорт федерацияларына жүктеледі; • Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында бірыңғай оператор қаржысына жаңа нысандар салуға мүмкіндік беріледі; • Ұлттық спорттық медицина және оңалту ұйымын мемлекеттік кәсіпорын ретінде құру ұсынылады.

Сонымен қатар, бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуына байланысты алып жүруші адамның шығындарын өтеу заң жүзінде бекітілді.

Сенатор Әсем Рахметованың айтуынша, заң жобасы спортшылар мен жаттықтырушыларға мемлекеттік әлеуметтік қолдау көрсету тәртібіне өзгерістер енгізуді көздейді. Атап айтқанда, кемінде 20 жылдық тәжірибесі бар, сондай-ақ Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондарына ерекше қолдау шаралары қарастырылады.