08.04.2025, 11:20

Бек Нұрмағанбет Америкада өткен белдесуде қарсыласын нокаутпен құлатты

Фото: Instagram/nurmaganbet.bek.kazbekuli

Бұл оның 14-ші жеңісі.

АҚШ-та өткен кәсіпқой бокс кешінде Қазақстандық спортшы жартылай ауыр салмақта коста-рикалық Энкарнасьон Диаспен жұдырықтасып, алғашқы раундта-ақ техникалық нокаутпен жеңіске жетті, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Бек жекпе-жекті өте сенімді бастады. Қарсыласына еш мүмкіндік бермей, жойқын шабуылдарымен басымдық танытты. Қарқынына шыдамаған Диас бірінші раундтың өзінде-ақ жеңіліс тапты. Осылайша Нұрмағанбет кәсіби мансабындағы 14-ші жеңісіне жетті, оның 12-сі — уақытынан бұрын аяқталған.

Энкарнасьон Диас бұған дейін 25 рет жеңіске жетіп, 5 рет жеңілген болатын. Бұл оның алтыншы жеңілісі. Сонымен қатар, ол 2024 жылы тағы бір қазақстандық боксшы — Әли Ахмедовке де есе жіберген еді.

27 жастағы Бек Нұрмағанбет қазіргі кезде Сауль «Канело» Альварестің командасында жаттығып жүр.

"Бапкерлерім бұл жеңіске жақсы баға берді. Бірінші раундта жеңіске жету үлкен жетістік екенін айтты. Себебі қарсыласым 20 рет жеңіске жеткен тәжірибелі боксшы", - деді боксшы.