09.04.2025, 19:20

Қазақ боксшысы АҚШ-та жекпе-жек өткізбек

Фото: vesti.kz

Бек Нұрмағанбеттің (14-0, 12 KO) келесі жекпе-жегі қашан өтетіні белгілі болды.

BoxRec.com сайтының мәліметінше, Бектің шаршы алаңға қайта оралуы 24 мамырға жоспарланған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жекпе-жек АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласында өтеді. Қарсыласының есімі әзірге белгісіз.

Айта кетейік, Бек Нұрмағанбет соңғы жекпе-жегін жуырда өткізді. Ол 6 сәуір күні таңертең Пенсильвания штатының Филадельфия қаласында өткен бокс кешінде костарикалық Энкарнасьон Диасты (20-6, 11 KO) 1-раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын.

Бек Нұрмағанбет өзінің кәсіпқой мансабында әлі жеңіліс көрмеген және жоғары нокаут көрсеткішімен танымал.

Ол халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғап жүр. Оның халықаралық аренадағы кейбір маңызды жекпе-жектеріне тоқтала кетсек.

2021 жылғы 20 қарашада Бек Астана қаласында мексикалық боксшы Бруно Сандовалды 1-раундта техникалық нокаутпен жеңіп, WBA International белбеуін иеленді.

2022 жылы 22 қазанда Мехико қаласында өткен бокс кешінде жергілікті боксшы Лучиано Чапарро Араужоны 3-раундта техникалық нокаутпен жеңді.

2023 жылы 6 мамырда Мексиканың Запопан қаласындағы «Эстадио Акрон» стадионында венесуэлалық Аргенис Эспананы 2-раундта техникалық нокаутпен тізе бүктірді.

Бек қазіргі таңда мексикалық супержұлдыз Сауль «Канело» Альварестің командасы құрамында жұмысын жалғастырып, чемпиондық атақ жолында нық қадамдар жасауда.