10.04.2025, 17:00

«Ризабек Айтмұқан медианың адамына айналып кетті»: Бас бапкер палуанның тиіп-қашып жаттығып жүргенін айтты

Фото: uww.org

Күші жоқ екені сырттан-ақ көрініп тұр.

Жуырда ғана Албанияда өткен Азия чемпионатында фавориттер қатарында белдескен Ризабек Айтмұқан 97 келіде финалда алтын үшін тартыста жапон балуаны Араш Ешидаға 7:1  есебімен ойсырай жеңіліп, күміс медаль алған еді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Осы бәсекеден кейін еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов Ризабектің жаттығуды тиіп-қашып істейтінін, сондай-ақ медианың адамына айналып кеткенін айтып, сыни пікірін білдірді, деп жазады 1bol.kz. 

«Ризабекке қазір көп жаттығу қажет. Күші жоқ екені сырттан-ақ көрініп тұр. Оған ауыр, қара жұмыс істеу керек. Темір көтеру керек. Кем дегенде, бір жыл бойы жалпы дене жаттығуын үзбеуі тиіс. Тауда  жүгіруі қажет. Қара жұмыс болмаса, күш жиналмайды.

Ол қазір жаттығып жүр, бірақ жеңіл жаттығулар ғана. Тиіп-қашып істейді. Оның үстіне, жеке бапкері өзінің әкесі болғандықтан, баласын көп жағдайда аяп қалады. Оған мықты бапкер керек.

Ризабек медианың адамына айналып кетті. Халық көтеріп тастады. Алайда, 97 келі оған әлі ауыр болып тұр. Егер бұл салмақта өзін мойындатамын десе, жиналуы керек», — деді Мадияр Құрамысов sportbugin.kz сайтына берген сұхбатында.

Ризабек Айтмұқан 2023 жылы Азия чемпионатында дәл осы жапон балуанынан жеңіліп, күміс жүлде иеленсе, 2024 жылы Бішкекте 97 келіде Ахмед Тажудиновке 4:2 есебімен есе жіберген еді. Бұл – Ризабек Айтмұқанның Азия чемпионатындағы үшінші күміс медалі.