24.04.2025, 10:40

«Жеңілетінімді білдім»: Асланбек Шымбергенов Олимпиададан кейін алғаш рет сұхбат берді

Фото: видеодан скрин

Психологпен сөйлескенімде, ол: "Депрессияға түстің бе?", - деп сұрады.

Бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктен соң алғаш рет журналист Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасына сұхбат берді. Боксшы жазғы ойындардағы жеңілісінің себебін түсіндірді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. 

"Олимпиаданың алдындағы оқу-жаттығу жиынында ауырып қалдым. Температурам бір апта бойы түспей қойды. Ондай жағдай менде мүлде болмаған. Әрі  кетсе, бір-екі күн ауырып,  қоятынмын. Бұл да Париждегі жеңіліске себеп болды деп ойлаймын. Жеңілісті өзі солай алып келеді ғой. Өзің сезесің. Ауырасың, жаттығуың дұрыс болмай қалады. Сондай болады өзі", - деді Шымбергенов.

Сондай-ақ Асланбек Олимпиададағы сәтсіздіктен соң ешқандай да депрессияға түспегенін, мұны сынақ деп қабылдағанын айтты.

"Психологпен сөйлескенімде, ол: "Депрессияға түстің бе?", - деп сұрады. "Палестинада соғыс болып жатыр ғой. Алла сондай сынақ беріп жатыр. Соған олар шыдап жатыр. Ал болмайтын жекпе-жек үшін депрессияға түседі деп ойлайсыз ба?", - дедім. Әрине, қиындықтар болды. Бірақ халықтың, жақындарымның, отбасымның, достарымның арқасында бұл сәт алыста қалды", - дейді боксшы.