11.05.2025, 22:30

Елена Рыбакина Рим турнирінде ұтылып қалды

Фото: tatennis.com

Қарсыластар осыған дейін үш рет кездесіп, соның бәрінде Рыбакина жеңген еді.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Рим (Италия) WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда 2019 жылғы АҚШ чемпионы, қазіргі кезде рейтингіде 121-орында тұрған канадалық Бьянка Андреескумен шеберлік байқасты.

Қарсыластар осыған дейін үш рет кездесіп, соның бәрінде Рыбакина жеңген еді.

Бұл жолы канадалық спортшы бірінші партияда екі брейк жасады — 6:2.

Екінші сетте де Андрееску 2:0 есебімен алға шығып, сол басымдылықты сақтап қалды — 6:4.

Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта Рыбакина 1 эйс жасап, 5 брейк-пойнтты пайдалана алмады. Андрееску 1 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, Елена Рыбакина жарыс жолынан шығып қалды. Ол 2023 жылы Римде чемпион атанса, өткен жылы денсаулығына байланысты қатыспаған еді.