26.06.2025, 11:40

Дастан Сәтпаев Тәжікстанда ерекше мақтауға ие болды

Фото: ҚФФ

Жас футболшының трансферлік құны 500 мың еуродан 1,8 миллион еуроға дейін өскен.

Тәжікстандық «Азия-Плюс» басылымы Орталық Азиядағы ең қымбат футболшылар жайлы мақала жариялап, онда Қазақстан құрамасы мен «Қайрат» клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаевқа ерекше тоқталған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеп. 

«Орталық Азияда жаңа трансферлік көшбасшы пайда болды - ол Қазақстан жастар құрамасының және алматылық «Қайраттың» 16 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев», – деп жазады басылым.

Transfermarkt порталының соңғы мәліметі бойынша, жас футболшының трансферлік құны 500 мың еуродан 1,8 миллион еуроға дейін өскен. Бұл – тек Қазақстан емес, жалпы Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанды қамтитын бүкіл Орталық Азия үшін рекордтық көрсеткіш.

Осылайша, Сәтпаев Тәжікстан құрамасының қақпашысы Рустам Ятимов («Ростов») пен өзбекстандық Абдувохид Нематовты («Насаф») басып озды. Екеуінің де бағасы – 1,5 миллион еуро. Сондай-ақ «Тобыл» шабуылшысы Ислам Чесноковтың да трансферлік құны 900 мыңнан 1 миллион еуроға дейін өскені жазылған.

«Дастан Сәтпаев Орталық Азиядағы ең қымбат футболшылар рейтингінде көш бастап қана қоймай, өңірде футбол деңгейінің өсіп жатқанының символына айналды. Бұл - жасы небәрі 16-дағы таланттың жұлдызды футболшыларды басып озғанына жарқын мысал», – деп түйіндейді мақала авторы.