Алғашқы партияда грузиялық қарсыласымен тең ойнап, екінші партияда жеңіске жетіп, 1/16 финалға жолдама алды.
Жас шахматшы Елназ Қалиахмет тәжірибелі грузиялық спортшы Нино Бациашвилиді сенсациялық түрде жеңіп, Әлем кубогының келесі кезеңіне өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
15 жастағы мектеп оқушысы алғашқы партияда грузиялық қарсыласымен тең ойнап, екінші партияда жеңіске жетіп, 1/16 финалға жолдама алды.
Айта кетейік, Нино Бациашвили 2015 жылы Грузия құрамасы сапында шахматтан командалық әлем чемпионатын жеңіп алған. Биылғы Әлем кубогы Батуми қаласында өтіп жатқандықтан, бұл турнир ол үшін үйдегі негізгі жарысы саналады.
Ал Елназ Қалиахмет 14 жасында ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанып, елдегі ең болашағынан зор үміт күттіретін шахматшылардың бірі саналады.
Сонымен қатар, турнирде Қазақстан атынан Меруерт Камалиденова да бақ сынап жатыр. Ол да екінші кезеңге өтіп, 2023 жылғы Әлем кубогының иегері ресейлік Александра Горячкинаны алғашқы партияда жеңген. Екінші партияда қарсыласы есепті теңестіріп, бүгін тай-брейк ойынында бақ сынайды.
Әлем кубогының жеңімпазы турнирдің соңында 50 мың доллар (шамамен 25 миллион теңге) көлемінде жүлдені қанжығасына байлайды.