Рапидтің алғашқы партиясында Меруерт жеңіске жетіп, екінші партияда ширек финалға шығуға өте жақын болды.
Меруерт Әйелдер арасындағы Әлем кубогындағы күресін ерлікпен аяқтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Батумиде өткен FIDE Women’s World Cup 2025 турнирінің 1/8 финалында Меруерт Камалиденова блиц шахматтан әлем чемпионатының қола жүлдегері — Үндістандық гроссмейстер Вайшали Рамешбабумен керемет матч өткізді. Кездесу 8 (!) партияға созылып, қарсылас тек ½ ұпай айырмашылықпен жеңіске жетті — 4½ : 3½.
Рапидтің алғашқы партиясында Меруерт жеңіске жетіп, екінші партияда ширек финалға шығуға өте жақын болды. Алайда 96-шы жүрісте ойын тізгіні қолынан сырғып кетті. Соған қарамастан, ол психологиялық қысымға төтеп беріп, блицте есепті теңестіріп, матчты шешуші кезеңге жеткізді. Өкінішке қарай, соңғы партияда қарсылас мықтырақ болды.
Бұл әлем кубогындағы Меруерттің өнері — табандылықтың, шеберліктің және қайсарлықтың шынайы үлгісі.