Сәтпаев матчтың екінші жартысында болған қауіпті эпизодқа да тоқталды.
Қазақстан – Бельгия арасындағы ойынан кейін ұлттық құраманың шабуылшысы Дастан Сәтпаев матчқа қатысты ойын айтты, деп хабарлайды деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сәтпаев жанкүйерлерге алғыс айта отырып, ірі есеппен жеңіліс үшін кешірім сұрады, деп жазады Kazinform.
«Ең алдымен, бізді қолдауға келген барлық қазақстандық жанкүйерлерге алғыс білдіремін. Бүгінгі кездесу өте қиын болды. Әрине, нәтиже үшін кешірім сұраймыз. Дегенмен, біз бұл ойынды саралап, қателіктерді түзетуге тырысамыз. Алдағы уақытта Бельгия сияқты мықты құрамалармен тең дәрежеде ойнауға талпынамыз», – деді ол.
Сәтпаев матчтың екінші жартысында болған қауіпті эпизодқа да тоқталды. 79-минутта қазақстандық команда жылдам қарсы шабуыл жасап, айып алаңына дейін жетті. Дастан Сәтпаев орталықтан сол қапталға ойысып, қақпаға қарай ұмтылды да, шамамен 20 метр қашықтықтан төменнен қатты соққы жасады. Бельгия қақпашысы Тибо Куртуа допты сенімсіз қайтарғанымен, қазақстандықтардың арасынан оған бірінші жеткен ойыншы табылмады.
«Ол сәтте Ислам Чесноковқа пас беруге де мүмкіндік болды, бірақ соққы жасауды жөн көрдім. Өз басым, дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын», – деді Дастан Сәтпаев.