Бұл – қазақстандық шахматшы қыздардың «Үлкен Швейцария» додасындағы ең үздік нәтижесі.
21 жастағы қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаева Самарқандта (Өзбекстан) өткен беделді FIDE Women’s Grand Swiss 2025 турнирінде үшінші орынды иеленіп, қазақстандық шахмат тарихына алтын әріппен жазылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеп.
Бұл – қазақстандық шахматшы қыздардың «Үлкен Швейцария» додасындағы ең үздік нәтижесі.
Асаубаева шешуші соңғы турға дейін жеңіс үшін күресті. 11-турдағы украиналық Анна Музычукпен (2535) кездесу тең аяқталып, Бибісара 7,5 ұпай жинады. Бұл көрсеткіш оған сенімді түрде үшінші орынды иеленіп, 25 мың доллар (шамамен 13,5 млн теңге) көлемінде жүлде алуға мүмкіндік берді.
Турнирде 8 ұпай жинаған үндістандық Вайшали Рамешбабу жеңімпаз атанды. Ол осылайша 2023 жылғы жетістігін қайталады. Екінші орын 8 ұпай еншілеген ресейлік Катерина Лагноға бұйырды.