Бокстағы Қазақстан құрамасының алатын орнымен ешкім таласпайды.
2025 жылғы Әлем чемпионатында Қазақстан боксшылары үлкен жетістікке қол жеткізді. Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте көш бастады, жеті алтын медаль иеленіп, бәсекелестерінен оза шапты. Бұл — ел боксының даму деңгейін, спортшылардың дайындығын және жаттықтырушылар штабының еңбегін айқын көрсеткен нәтиже.
Олимпиададағы дәстүр мен сабақтастық
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері бокс Олимпиада ойындарында тұрақты түрде медаль алып жүр. Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев, Геннадий Головкин сынды спортшылардың жеңістері елге шабыт беріп, жанкүйерлердің рухын көтерген еді. Сол дәстүрді жаңа буын жалғастыруға дайын екенін әлем чемпионаты дәлелдеді.
Қай салмақтарда үміт бар?
• Супер ауыр салмақ (ерлер): Айбек Оралбай алтын медаль жеңіп алып, Олимпиадаға басты фавориттердің біріне айналды.
• Әйелдер боксы: Аида Әбікеева және басқа да қыздарымыз сенімді өнер көрсетіп, Олимпиадада да медальдан үмітті екенін көрсетті.
• Орташа және жеңіл салмақтар: Ерлер құрамасында да бірнеше мықты жас боксшы финалға дейін жетіп, бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.
Артықшылықтарымыз: Жаңа буын спортшыларының сенімді жеңісі; Ұлттық федерация мен спорт инфрақұрылымының қолдауы; Психологиялық тұрғыдан қалыптасқан «жеңіс дәстүрі».
Қиындықтар: Кейбір боксшылардың кәсіпқой боксқа ауысуы мүмкін; Жарақаттар мен салмақты ұстай алмау мәселесі; Олимпиадалық квота жүйесі мен халықаралық бәсекелестердің күшеюі.
Әлем чемпиондары не дейді?
Санжар Тәшкенбайдың ендігі мақсаты - Олимпиада алтыны.
"Мен тәжірибелі спортшымын, халықаралық аренада алғаш рет өнер көрсетіп отырған жоқпын. Бұл жерде ең бастысы — бапкерлерді тыңдау, тек физикалық емес, психологиялық дайындық та маңызды болды. Бапкерлердің барлық тапсырмасын орындауға тырыстым. Жалпы, бәрі біз жоспарлағандай өтті. Алдағы жоспар әзірге белгісіз. Әрине, барлық спортшының мақсаты – Олимпиада чемпионы болу. Менің де Олимпиада чемпионы болғым келеді", — деді чемпион.
Бокстан команда капитаны кешегі өткен Әлем чемпионаты Олимпиаданың жанында жай турнир секілді өткенін жасырмады. Қарсыласынан соңғы минутта жеңісті жұлып алған Айбектің де арманы Олимпиада алтыны.
"Шынымды айтсам, Олимпиададан кейін әлем чемпионаты қарапайым турнир секілді сезіледі. Себебі екі жарыстың атмосферасы мүлде бөлек. Біз — мен, інім Нұрбек, Санжар, Махмұд төртеуіміз – бұл жарысқа тек жеңеміз деген мақсатпен бардық. Иә, інімнің жолы болмады, бірақ менің ойымша, Нұрбектің жеңісі әлі алда. Ол маған сенеді, мен оған сенемін", — деді Айбек Оралбай.
Нәтиже жақсы, бірақ...
Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов Париж олимпиадасының жалғыз жүлдегері Нұрбек Оралбайдың жеңілісіне қынжылып, әлі де жеткіліксіз жерлер барын айтты.
"Нәтиже жақсы. Бірақ Өзбекстан құрамасына кеткен есені қайтару үшін әлі көп жұмыс істеу қажет. Мысалы, 80 келідегі Нұрбек Оралбай жеңуі тиіс еді, бірақ ол нәтиже көрсетілмеді. Дегенмен, кейбір салмақтарда қазақ боксшыларының үстемдігін мойындау керек", - деді Қайрат Сәтжанов.
Бұл тек бастамасы
Әлем чемпионатындағы Геннадий Головкиннің боксшыларымзға көрсеткен қолдауы бір төбе. Ұлттық олимпиада комитетінің президенті ретінде аңыз боксшы жас спортшылардың жанынан барлық сәтте табыла біліп, оларға зор сенім артты.
"Алғашқы әлем чемпионаты World Boxing өз мәресіне жетті. Рақмет, Ливерпуль! Тарих жазылды. Барлық спортшыларға осы күндерді шабыттандырарлық еткені үшін алғыс айтамын. Бар күшін салған әрбір боксшымен мақтанамын. Бұл – тек бастамасы", — делінген Геннадийдің жарияланымында.
Әлем чемпионатындағы жетістік Қазақстанға Париж Олимпиадасынан кейін сөнген үмітті жалғауға зор сенім берді. Егер негізгі чемпиондар аматорлық рингте қалып, дайындықты үзбей жалғастырса, Қазақстан тағы да Олимпиадада бірнеше алтын медаль жеңіп алу ықтималдығы жоғары. Бұл триумф — ел спортының жаңа кезеңінің бастауы. Қазақстандық боксшылар тек Азияда ғана емес, әлемдік аренада да басты фаворит екенін дәлелдеді.
Бокстағы Қазақстан құрамасының алатын орнымен ешкім таласпайды. Тек соңғы жылдары төрешілердің қысымымен жүлдеден тыс қалып жүрген ұлт ұландарына еш өкпе жоқ. Бірақ бермеген жеңісті жұлып алатын Санжар Тәшкенбай, Төрехан Сабырхан сынды ұлдарға қарап өскелең ұрпақ бой түзейді. Сол арқылы жастар боксқа барып, бүгінде елімізде аталған спорт түрімен айналысатындардың қатары бұрынғыға қарағанда арта түскен. Бұл біздің елде бокстың қаншалықтың дамуына әсер еткенін елеулі жағдай. Себебі, Олимпиада, әлем және Азия чемпионаттарында уыс-уыс етіп медаль әкелген ерен ерлеріміздің жетістігіне әр үйдегі өсіп келе жатқан жас ұландар куә.