Қазақстан боксшыларының пайдасына шыққан бірнеше шешім әділдікке күмән келтіреді.
Ливерпульде өткен World Boxing ұйымының алғашқы әлем чемпионатынан кейін төрешілердің бірқатар даулы шешімі халықаралық спорт баспасөзінің назарын аударды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Британдық журналист Тейлор О’Хиггинстің айтуынша, Қазақстан боксшыларының пайдасына шыққан бірнеше шешім әділдікке күмән келтіреді.
Қазақстан бұл біріншілікте тарихи нәтиже көрсетті: жеті алтын, бір күміс және екі қола жүлдені жеңіп алды. Алайда журналист ел құрамасының жетістігін көлеңкелеуге тырысып, мұны Геннадий Головкиннің есімімен байланыстырды. Ол қазір Қазақстан ҰОК президенті ғана емес, World Boxing ұйымындағы Олимпиадалық комиссияны да басқарады.
"Бұл тек сәйкестік болуы мүмкін, бірақ әуесқой бокстың тарихын ескерсек, мұндай жағдай сұрақ тудырады. World Boxing ұйымы әлі жас, ал сенім дағдарысынан шығу үшін көп жұмыс атқарылуы тиіс", — деп жазды О’Хиггинс өз жазбасында.
World Boxing президенті Борис ван дер Ворсттың бастамасымен ұйым алғашқы қадамдарын жасағанымен, төрешілерге деген сенімді қалпына келтіру мен әуесқой боксты кең аудиторияға қолжетімді ету басты міндет болып қала бермек.