$ 541.19  636.44  6.49

«Құны 200 мың еуроға көтерілді»: 18 жастағы Шерхан Қалмұрзаға Испан клубтары көз тікті

«Скауттар “Қайрат” ойыншыларын “Селтикпен” матчқа дейін де бақылап жүрді.

Фото: ФК Қайрат
Фото: ФК Қайрат

Испаниялық Marca басылымының журналисі Давид Руис ASnews.kz сайтына берген сұхбатында қазақстандық жас қақпашының әлеуетін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Скауттар “Қайрат” ойыншыларын “Селтикпен” матчқа дейін де бақылап жүрді. Бірақ Чемпиондар лигасының негізгі кезеңі – мүлдем басқа деңгей. Шерханның өнерін көрген соң оған Еуропаның үздік чемпионаттары, соның ішінде Ла Лига клубтары да көз тігуі әбден мүмкін», – деді ол.

Алматылық клубтың түлегі Шерхан Қалмырза небәрі 18 жаста. Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі дебюттік ойынында ол Лиссабонның «Спортингіне» қарсы қақпада тұрды. Бұл – оның ересектер арасындағы бар болғаны екінші матчы еді.

Қақпашы пенальтиді қайтарып, жанкүйерлер мен мамандардың назарын бірден өзіне аудартты. Матч 1:4 есебімен аяқталғанына қарамастан, Шерханның ойыны көпшілікті тәнті етті.

Футболшылардың нарықтық бағасын көрсететін беделді портал Transfermarkt 18 қыркүйектегі жаңартуда Шерханның құнын 200 мың еуро деп бағалады. Бұған дейін ол базада мүлде көрсетілмеген болатын.

Бұл өзгеріс – жас қақпашы үшін үлкен қадам. Себебі Transfermarkt-тағы баға – футболшыға қызығушылық танытқан клубтардың басты көрсеткіштерінің бірі.

Чемпиондар лигасында сенімді ойынымен көзге түскен Шерхан Қалмырза енді жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін. Егер ол алдағы матчтарда да өзін дәлелдесе, қазақстандық қақпашыны Еуропаның азулы клубтары трансферлік тізімге енгізетіні сөзсіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары