01.10.2025, 13:50

«Халық «Қайрат–Реал» ойынын шетелдік сайттан көруге мәжбүр болды»: Депутат «Қазақтелекомды» сынады

Фото: qamshy.kz

Бұл жағдайға Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы қатты наразылық білдіріп, Қазақтелекомды сынға алды.

Алматыда өткен «Қайрат» – «Реал Мадрид» ойыны кезінде мыңдаған жанкүйер тікелей эфирді көре алмай қалды. Себеп – интернеттің істен шығуы мен көрсетілім сапасының күрт төмендеуі, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. Бұл жағдайға Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы қатты наразылық білдіріп, Қазақтелекомды сынға алды. «Мұндай жүктеме болатынын бәріміз білдік. Соған дайын болу керек еді. Тарифті көтергенде алдына жан салмайтын Қазақтелеком осындай сәтте халықты жерге қаратты. Жанкүйерлердің жолын кескені жаныма батты. Кеше мыңдаған азаматтар Испания сайттарынан көруге мәжбүр болды. Өз елімізде өткен футбол мерекесін ақша төлеп отырған оператордың көмегімен телеарнадан көре алмау – қорлықтың ең үлкені», – деді депутат. Әлеуметтік желіде де ашулы пікір көп. Жанкүйерлердің айтуынша, бұл тек техникалық ақау емес, ұлттық оператордың халық алдындағы жауапсыздығының көрінісі.