"Қазақтың қарғысына қалғандар оңбайды".
Қазақстандық теннисші Александр Бубликке қатысты тағы да сын айтылуда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы танымал спорт журналисі Аслан Каженов өзінің желідегі парақшасында жазды.
Бірер апта бұрын ол жарақатына байланысты Дэвис Кубогында ұлттық құраманың намысын қорғаудан бас тартқан еді. Алайда көп ұзамай коммерциялық турнирлерде ойнап, жақсы нәтиже көрсеткен.
Бүгін Бублик әлемдік рейтингте 202-орында тұрған қарсыласынан жеңіліп қалды. Бұл жағдай жанкүйерлер арасында қызу талқыға түсіп, спортшының ел намысына деген көзқарасына күмән тудырды.
"Жалпы, көк паспорт пен көк тудың қадірін түсінбей, қара бастың қамын күйттеп, қазақтың қарғысына қалғандар оңбайды. Былтыр Елена Рыбакина солай шәйіп еді. Енді Александр Бублик сол қателікті қайталады. Аман ағамыздың да айтатыны осы еді. Жалдамалы әскер біз үшін жанын салып соғыспайды. Сондықтан, Болат Өтемұратов басқаратын теннис федерациясы Ресей мен Украинадан келімсекті қаптатпай, өзіміздің қаракөздерге басымдық бергені абзал. Лена мен Сашаның өздері үшін ойнап, өздері үшін тапқан табысы қалың қазаққа көк тиын. Ел мүддесі жоғары тұрсын! Елдің балалары көтерілсін! Халықты ақымақ көрмеңдер!", - деп жазды ол.