Футболшылар мен бапкерлердің еңбек шарттарында бәс тігуге тікелей тыйым салынғанына қарамастан, олар букмекерлік ойындарға қатысқан.
Бұл туралы бас прокурор Берік Асылов мәжіліс депутаты Абзал Құспанның депутаттық сауалына берген жауабында айтылған, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Футбол федерациясы мен бірқатар футбол клубтарына тексеру жүргізіп, келісілген матчтарды ұйымдастыру және ойыншылардың букмекерлік кеңселерге бәс тігуіне қатысты бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады.
Футболшылар мен бапкерлердің еңбек шарттарында бәс тігуге тікелей тыйым салынғанына қарамастан, олар букмекерлік ойындарға қатысқан.
Мәселен, Ақтөбеде 9 футболшы жалпы сомасы 110 миллион теңгеге бәс тіккен жағдай анықталып отыр. Тексеру қорытындысы бойынша, 2025 жылғы 2 сәуірде прокуратура Федерацияға заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізді. Жауап ретінде Футбол федерациясы аудит, қаржы және этика комитетін құрып, қаржылық тәртіпті күшейтуге бағытталған 33 іс-шараны қамтитын "жол картасын" әзірледі.
"Биыл 20 мамырдағы жағдай бойынша федерация əкімшілігінің басшысымен, басқарушы директормен, заң, операциялық жəне маркетинг департаменттерінің директорларымен, қауіпсіздік жəне интегрити қызметінің басшысымен еңбек шарты бұзылды. Сондай-ақ федерацияның бірқатар басшы қызметкері лауазымынан төмендетілді", – деп жазылған Бас прокуратураның жауабында.
Қазіргі уақытта федерация заң бұзушылықтарды жою, қаржылық тəртіпті күшейту жəне футболды дамытудың жаңа мақсаттары мен міндеттеріне сай ұйымдық құрылымын оңтайландыру жұмыстарын жетілдіріп жатыр.