Бас жүлде тағдыры 26 қазанда өтетін екі команданың өзара кездесуі шешеді.
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХV туры мәресіне жетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл күні жанкүйерлер назары «Астана» мен «Ақтөбе» кездесуіне ауды. Елордалық клуб әлі де бас жүлдеге тасты тоқтатпады. Ақтөбелік футболшылар да алдағы жылы еурокубок ойындарына қатысуға мүмкіндік беретін төртінші орынға үміткер болып отыр. Сондықтан екі команда алғашқы минуттан ашық футболға көшті.
Алдымен елордалық клубтан Джеффри Чинеду 10-минутта есеп ашса, оған ақтөбелік командадан Жайро Жан 13-минутта бір голмен жауап қайырды. Соған қарамастан «Астана» жасыл алаң төрінде белсенді ойын өрнегін көрсетіп, тағы екі гол соғып үлгерді. Оны Усман Камара 23, Джеффри Чинеду 34-минутта өзінің еншісіне жазды.
Ал «Ақтөбе» сапынан Даниэль Соса 40-минутта есеп айырмасын қысқартты. Одан кейін астаналық клубтан Назми Грипши 45-минутта мергендік танытып, биылғы біріншіліктегі өзінің 16-шы голын тойлады.
Сондай-ақ Джеффри Чинеду 50-минутта хет-триктің авторы атанса, 62-минутта ақтөбелік клубтан Артур Шушеначев қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша «Астана» қарсыласынан 5:3 есебімен түсіп, екінші орынға тұрақтап тұр. Қазір олардың еншісінде 56 ұпай бар. Көш басындағы «Қайраттан» екі ұпайға қалып келеді.
Бұдан бөлек қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Қайрат Нұртас аталмыш матчта ән айтып, жанкүйерлердің қошеметіне бөленді.
Бас жүлде тағдыры 26 қазанда өтетін екі команданың өзара кездесуі шешеді.