13.11.2025, 22:30

Михаил Ломтадзе елдегі танымал футбол клубының иесі атанды

Фото: sports.kz

Мұнда жас таланттар халықаралық стандарттарға сай, қазақстандық және ағылшындық жетекші мамандармен бірге тегін жаттыға алады.

Kaspi.kz компаниясының басшысы әрі негізін қалаушы Михаил Ломтадзе елордадағы «Жеңіс» футбол клубының иесі атанды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұған дейін Ломтадзе әлемдік деңгейдегі футбол академиясын құру жоспарын жариялаған болатын. Енді бұл академия «Жеңіс» клубының базасында салынатыны белгілі болды. Мұнда жас таланттар халықаралық стандарттарға сай, қазақстандық және ағылшындық жетекші мамандармен бірге тегін жаттыға алады.

Менің арманым – болашақ жұлдыздарды тәрбиелейтін, әлемдік деңгейдегі кәсіби балалар футбол академиясын құру. Футбол – адамдарды біріктіретін спорт. Заманауи технологиялардың көмегімен біз қазақстандық футболды жаңа деңгейге шығара аламыз, - деді Михаил Ломтадзе.

Ал «Жеңіс» футбол клубының бас директоры Айдын Қожахмет бұл клубтың дамуы үшін зор мүмкіндік екенін атап өтті.

Мұндай деңгейдегі инвестордың келуі – клубтың дамуы үшін зор мүмкіндік. Біз бірге «Жеңіс» клубының бұрынғы даңқын қайта жаңғыртып, қазақстандық футболдың болашағына үлес қоса аламыз деп сенеміз, - деді.

«Жеңіс» футбол клубы 1964 жылы құрылған және елдегі ең көне әрі атақты командалардың бірі саналады. Клуб үш рет Қазақстан чемпионы атанған (2000, 2001, 2006) және үш мәрте ел Кубогын жеңіп алған (2001, 2002, 2005).

Академия жас ойыншыларды тегін оқытатын және заманауи әдістемелермен баулитын орталыққа айналмақ. Бұл қадам Қазақстанға әлемдік деңгейдегі футболшыларды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.