Сондай-ақ, ол өткен жылы Париж Олимпиадасына қатысуға ұсыныс түскенін де растады.
Кәсіпқой боксқа бет бұрған Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов бүгінде АҚШ-та тұрып жатыр. Спортшы Dulat Tastekey YouTube арнасына берген сұхбатында кәсіпқой бокста қашанға дейін жүретінін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
”Қазір бабыма кіріп жатырмын, кішкене салмақ өскені болмаса. Болашақта салмақ ауыстыру ойда бар. Денсаулық жақсы, ойдағыдай. Қазір промоутермен 3 жылға келісімшартқа отырдым. Бокс деген сондай бір дүние, қанша жыл жүретініңді білмейсің. Өзім әрдайым айтатынмын, қашан жылдамдығым мен сезімталдығым жойылады, сол кезде қоямын”, — дейді ол.
Сондай-ақ, ол өткен жылы Париж Олимпиадасына қатысуға ұсыныс түскенін де растады.
”Париж Олимпиадасына қатысуды уақыт тақалғанда ұсынды. Ол жерде ешкімнің кінәсі жоқ. Мен кәсіпқой мансабым бойынша менеджерлармен кикілжің болып жатқан кезде көмек сұрап барған едім. Маған басқа ұсыныстар түсіп кетті. Негізі Олимпиадаға барайыншы деп бармаған едім. Ондай абыройлы, үлкен кісілер тұрғанда басында “жоқ” дей алмайсың. Үндемей отырасың. Мен ойланып көрейін дедім. Олар “бірақ жарыстар жоқ, бірден лицензиялық турнирге бару керек” деді. Ойланып, Лондонға, Риоға қалай дайындалғанымды есіме түсіріп, ондай оңай жол жоқ шығар дедім. Себебі, оған дейін дайындалған Асланбек, оның артында әке-шешесі бар. Сондықтан бір жағынан, оның көз жасына, қарғысына қалып қайтемін деп ойладым. Екінші жағынан, маған “тек бір жанұяның қарғысы емес, мемлекеттің қызығушылығы, сұранысы” деді. Басында бас тартып алдым да, кейін жаңа федерация басшысы, өзімнің жақсы араласатын досым Шахмұрат Мүтәліпке көндім, келістім. Бірақ ол әлі өз жұмысына кіріспеген еді. Бұйрық шығып, орнына отыруға дейін бір ай уақыт бар еді. Оған дейінгі басшылықтың “сүйікті боксшылары” болды. Біз де кезінді біреудің “сүйікті спортшысы” болдық. Алдыңғы басшылық сол жігіттермен Азия, әлем біріншіліктеріне барғаннан кейін Шахмұрат іске кіріспей тұрып лицензиялық турнирге алып кетті. Менде мүмкіндік болмай қалды”, — дейді ол.