26.11.2025, 16:00

«Маған чемпион болу жазылса – боламын»: Шавкат Рахмонов мәлімдеме жасады

Фото: instagram/ufceurasia

Әртүрлі сынақ, әртүрлі проблема болды.

Қазақстандық UFC жұлдызы Шавкат Рахмонов журналист Ариэль Хельваниға берген сұхбатында соңғы бір жылдағы ең маңызды мәселелерді қатысты ойымен бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Рахмонов биылғы кезеңді оңай болмағанын мойындады. Оның айтуынша, жарақатпен күрес, ұзақ ем және қалпына келу процесі мансабын уақытша тежеген.

«Әртүрлі сынақ, әртүрлі проблема болды. Бірақ, әлхамдулилла, қазір бәрі жақсы. Жаттығып жүрмін, бабымды қайта жинап жатырмын. Дивизиондағы жағдайға қараймыз», – деді ол.

Шавкат келесі жекпе-жекке ақпан соңы – наурыз басында оралуға дайын екенін мәлімдеді.

«Дайындықсыз бірден айқасқа шығу – үлкен тәуекел. Толыққанды жаттығуға енді ғана қайта оралып жатырмын. Сол үшін ақпан–наурыз – ең қолайлы уақыт», – деді ол.

Сондай-ақ спортшы алғаш рет чемпиондық туралы ашық айтты:

«Егер жарақат болмағанда, бәлкім, қазір чемпион болып отыратын едім. Бірақ әр нәрсенің өз уақыты бар. Маған чемпион болу жазылса – боламын. Жазылмаса – уақыт көрсетеді», – деді Рахмонов.

Шавкат Ислам Махачевтің соңғы өнерін жоғары бағалай отырып, өзін фавориттердің қатарында көретінін жасырмады.

«Ислам Маддаленаны өте сенімді жеңді. Бірақ сұрақ бар: Ислам соншалық мықты болды ма, әлде қарсыласы мүлде қарсы әрекет көрсете алмады ма?. Онымен айқасуға да, жеңуге де мүмкіндігім бар деп ойлаймын. Менде универсалдылық бар. Басқа көпшілікте ондай жоқ. Бой көрсетеді», – деді ол.

Ол Гэрридің соңғы жеңістеріне құрмет білдіре отырып, өзара реванштың нәтижесі өзгермейтініне сенімді.

Шавкатқа биыл «Барыс» II дәрежелі ордені табысталды. Спортшы мұны үлкен құрмет санайтынын айтты.

«Қазақстанда еңбегімді бағалағанына қуандым. Бұл – үлкен мотивация. UFC чемпиондық белбеуін Қазақстанға әкелуге тырысамын», - деді Рахмонов.

Ол жанкүйерлердің қолдауы ерекше күш беретінін және әр жекпе-жекте қазақстандықтардың қуанышы үшін айқасатынын атап өтті.