Ойын соңында теңестіруге нақты мүмкіндік болды
Алматының «Қайрат» командасының 17 жастағы форварды Дастан Сәтпаев Чемпиондар лигасындағы алғашқы голы мен «Копенгагенге» сырт алаңда 2:3 есебімен болған матч жайлы әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
81-минутта жас шабуылшы қарсылас қақпашының өрескел қателігін пайдаланып, командасына үміт сыйлаған гол соқты.
«Шынын айтсам, ол эпизодты алдын ала ойластырған жоқпын. Бірақ қақпашының допты алысырақ жібере салатынын сезіп қалып, еш ойланбай, сол сәтте жүгіруге бел будым», — дейді ол.
Сәтпаев алғашқы таймда-ақ гол соғатын мүмкіндік жеткілікті болғанын айтады:
«Иә, гол соғуға нақты жағдайлар болды. Бірақ тәжірибе аздау болды, тағы да біртүрлі сақтық байқалды. Енді осы ойындарды саралап, кеткен қателіктерді түзейміз. Тәжірибе артқан сайын деңгейіміз де өседі».
Жас ойыншы матч соңында есепті теңестіру мүмкіндігі болғанын да жасырмайды:
«Иә, соңында теңестіруге нақты мүмкіндік болды. Бірақ ойынға тым кеш кірістік. Батылдық пен сенімділік жетіспеді. Енді талдау жасап, келесі матчтарды алғашқы минуттардан бастап агрессивті түрде бастауға дайындаламыз».