Ал бұл жолы мұндай серпін байқалмайды.
Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов жақында рингке шығатын қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлына ел тарапынан қолдау аз екенін айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Алдағы бірер күнде Жәнібек кубалық Эрисланди Ларамен кездесіп, үш бірдей чемпиондық белбеуді сарапқа салады. Бұл — отандық бокс үшін тарихи сәт. Бұған дейін мұндай деңгейге тек Геннадий Головкин ғана жеткен. Енді сол биікті бағындыруға Жәнібектің өзі жақын отыр. Соған қарамастан, боксшыға көрсетіліп жатқан қолдау тым әлсіз, дейді журналист.
Аслан Қаженовтің айтуынша, Головкин жекпе-жектерінің алдында елде нағыз қызу науқан өтетін: флешмобтар, акциялар, ірі компаниялардың қолдауы, жарнамалық баннерлер, үлкен экрандардан көрсетілімдер… Ал бұл жолы мұндай серпін байқалмайды.
Журналист бұған нақты біреуді кінәлау қиын екенін айтады. Өйткені кәсіпқой бокс — таза бизнес. Бір жағынан, Жәнібектің командасы PR тұрғысынан аса белсенді емес, екінші жағынан, боксшының атын пайдаланып, ақша құйып, үлкен серіктестік жасауға ниетті компаниялар да аз көрінеді. Ақпарат құралдары бергенімен, оның өзі жеткіліксіз.
Сондықтан Қаженов еліміздегі жанкүйерлерді барынша қолдау көрсетуге шақырды:
— Жай ғана пікір қалдыру, видеосын тарату — бәрі де мотивация. Лараның парақшасын да көк туымызбен толтырып, Жәнібектің артында бүкіл қазақ елі тұрғанын көрсетуіміз керек. Осындай кезде ауызбіршілік аса маңызды, — дейді ол.
Журналисттің сөзінше, Жәнібектің басты мақсаты — төрт белдікті біріктіру. Сондықтан алдағы жекпе-жек тарихи кезеңнің бастауы болуы мүмкін.
Қазақ жанкүйерлерінің қолдауы дәл қазір шешуші рөл атқарады, — деп қорытындылады спорт журналисі.