Енді ел құрамасынан соңғы жекпе-жекті Серік Теміржанов (60 келі) моңғолиялық Эрдэнэбатын Цэндбаатарға қарсы өткізеді.
Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін, 6 желтоқсанда ел құрамасынан Сәкен Бибосынов (54 келі) қарсыласынан басым түсті.
Отандасымыз алғашқы жекпе-жегінде ботсваналық Катего Кеорапетсемен шеберлік байқасты.
Жекпе-жек барысында қазақстандық боксшы ширақ қимылдады. Нәтижесінде қарсыласын екінші раундта қапы қалдырып, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Сәлден кейін Даниял Сәбит (51 келі) кениялық Келвин Майнамен шаршы алаңға шығады.
Сәкен Бибосынов — ұлттық құрама сапындағы тәжірибелі боксшының бірі. 1992 жылы дүниеге келген былғары қолғап шебері 2020 жылы Токио Олимпиадасында қола алса, әлем чемпионатында 2021 жылы — алтын, 2019 жылы — қола медальға қол жеткізді.
Сондай-ақ Азия чемпионатында күміс (2022) және қола (2021) жүлдегер атанды.
Енді ел құрамасынан соңғы жекпе-жекті Серік Теміржанов (60 келі) моңғолиялық Эрдэнэбатын Цэндбаатарға қарсы өткізеді.
Айта кетсек, қазірге дейін отандастарымыз арасынан Санатәлі Төлтаев (67 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
IBA турнирі 3-13 желтоқсан аралығында Дубайда ұйымдастырылады. Бұл бәсекеде 13 салмақ дәрежесі белгіленген, ал жүлде қоры өте жоғары: чемпиондар — 300 мың доллар, күміс жүлдегерлер — 150 мың доллар, қола жүлдегерлер — 75 мың доллар, ал ширек финалистер 10 мың доллар алады.