Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Сәкен Бибосынов 54 келіде ел намысын қорғады.
Отандасымыз финалда ресейлік Вячеслав Рогозинмен қолғап түйістірді. 1-раундта төрешілердің екеуі Сәкеннің жеңісін таныса, қалған төрешілер ресейлік боксшының басымдығын мойындады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
2-раундта Сәкен қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті, ал шешуші раундта да жинақы және жылдам қимылымен көзге түсті. Осылайша, Сәкен Бибосынов екі дүркін әлем чемпионы атанды.
Чемпионат барысында Сәкен Бибосынов Факи Исса Факи (Танзания), Катего Кеорапетсе (Ботсвана), Муенго Муале (Замбия) сияқты қарсыластарын жеңді.
Сәкен Бибосынов – ұлттық құрама сапындағы тәжірибелі боксшының бірі. 1992 жылы дүниеге келген былғары қолғап шебері 2020 жылы Токио Олимпиадасында қола алса, әлем чемпионатында 2021 жылы – алтын, 2019 жылы – қола медальға қол жеткізді. Сондай-ақ, Азия чемпионатында күміс (2022) және қола (2021) жүлдегер атанды.