$ 512.81  604.19  6.57

«Бутсы қажет емес деді»: Ұлттық құраманың капитаны Дастан Сәтпаевқа сыйлық жасады

Нұралы Әліптің сөзіне қарағанда, Дастан Сәтпаевтың Еуропада жоғары деңгейде өнер көрсетуіне толық мүмкіндігі бар.

Фото: ҚФФ
Фото: ҚФФ

Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Нұралы Әліп жас шабуылшы Дастан Сәтпаевтың «Челсидегі» болашағына қатысты пікір білдіріп, Бельгия құрамасына қарсы ойында соққан голы үшін оған қандай сыйлық жасағанын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

Нұралы Әліптің сөзіне қарағанда, Дастан Сәтпаевтың Еуропада жоғары деңгейде өнер көрсетуіне толық мүмкіндігі бар.

«Қазақстаннан шыққан әрбір жігіттің биік белестерді бағындырып, Еуропада ойнағанын қалаймын. Дастанға сенемін. Футболды көп қарай бермеймін, сондықтан нақты біреумен салыстыра алмаймын. Бірақ көпшілік оны Агуэроға ұқсатады екен: бойы аласа, жылдам, әрі допты денесімен жақсы жабады. Келесі жылы ол 18 жасқа толады. «Челсидің» негізгі құрамына өтуі де, жалға берілуі де мүмкін. Қалай болғанда да, Еуропаның мықты клубтарының бірінде ойнайды деп ойлаймын. Дастанның қолынан келеді деп үміттенемін», – деді Әліп Metaratings.ru сайтына берген сұхбатында.

Естеріңізде болса, 2025 жылдың қараша айында Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі соңғы матчында Астанада Бельгиямен тең түсті – 1:1. Сол кездесуде құрама сапынан жалғыз голды Дастан Сәтпаев соққан болатын.

«Дастан – өте еңбекқор жігіт. Ешкімге алаңдама деп кеңес беремін. Қолымнан келгенше бағыт-бағдар беріп, көмектесуге тырысамын. Бельгия қақпасына гол соққан матчтан кейін бауырымызға сыйлық жасадым. Бутсы қажет емес екенін айтты, сондықтан өзінің өтініші бойынша парфюм сыйладым», – деп еске алды Әліп.

Нұралы Әліптің өзі де бір кездері «Қайрат» сапында ойнаған, кейіннен Санкт-Петербургтің «Зенит» клубына ауысты.

Ал Дастан Сәтпаев 2026 жылдың жазында ресми түрде Лондонның «Челси» клубына қосылады. Англиялық клуб жас футболшыны «Қайраттан» сатып алған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары