Спортшы жыл қорытындысына тоқталып, 2025 жылдың өзі, отбасы және ел спорты үшін айрықша маңызға ие болғанын атап өтті.
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, екі дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан әлеуметтік желіде қазақстандықтарға арнап әсерлі үндеу жариялады, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Спортшы жыл қорытындысына тоқталып, 2025 жылдың өзі, отбасы және ел спорты үшін айрықша маңызға ие болғанын атап өтті. Оның айтуынша, інісі Төрехан Сабырханмен бірге әлем чемпионатында топ жарып, қазақ боксының тарихында өшпес із қалдырды.
Instagram парақшасында жарияланған жазбасында Махмұд Сабырхан еңбектің, табандылықтың және сенімнің маңызын ерекше атап өтті:
«Әр дайындық – маңдай тер, әр тер – жеңіске жасалған қадам. Қиын сәттер болды, тоқтағың келетін кездер де кездесті. Бірақ берілмедім. Себебі спорт тек денені емес, мінезді де шыңдайды. Жаңа жылда да ел сенімін ақтау үшін осы жолдан таймаймын – бәрі Алланың қалауымен», – деді боксшы.
Айта кетейік, World Boxing ұйымы Махмұд Сабырханды 2025 жылдың үздік боксшысы деп таныды. Сонымен қатар жанкүйерлер оның филиппиндік Аарон Джудқа қарсы жекпе-жегін жылдың ең үздік айқасы деп дауыс берді.
Аталған кездесу шілде айында Астанада өткен әлем кубогының ширек финалында өтіп, Махмұд Сабырханның екінші раундтағы техникалық нокаутымен аяқталған болатын.
Осылайша, Махмұд Сабырхан 2025 жылды жеке жетістіктерімен ғана емес, қазақ боксының беделін асқақтатқан тарихи маусым ретінде қорытындылады.