Judo News Online басылымының хабарлауынша, Қазақстан құрамасы Парижде өтетін Grand Slam жарысына қатысатын спортшылар тізімін жариялаған.
Олимпиада чемпионы, дзюдошы Елдос Сметов 2026 жылы татамиге қайта оралуы мүмкін, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Алдын ала мәлімет бойынша, ол 8–10 мамыр аралығында Астанада өтетін Grand Slam кезеңінде өнер көрсетуі ықтимал. Бұл жарыс – Қазақстандағы ең ірі халықаралық дзюдо турнирлерінің бірі.
Judo News Online басылымының хабарлауынша, Қазақстан құрамасы Парижде өтетін Grand Slam жарысына қатысатын спортшылар тізімін жариялаған. Алайда онда Елдос Сметовтің есімі жоқ. «Париждегі Grand Slam турниріне бір айдан сәл асатын уақыт қалды. Қазақстан жарысқа негізгі құрамын апарады, алайда көшбасшы Елдос Сметов тізімде жоқ. Мүмкін, ол Астанада өтетін додада көрінуі ықтимал», – деп жазады басылым.
2026 жылғы алғашқы Grand Slam бәсекесі 7–8 ақпанда Парижде өтеді. Қазақстан бұл турнирге алты салмақ дәрежесі бойынша сегіз спортшыны қатыстырады. Құрам келесідей:
48 кг дейін – Әбиба Әбужақынова 60 кг дейін – Шерзод Давлатов 66 кг дейін – Ғұсман Қырғызбаев, Бауыржан Нарбаев 81 кг дейін – Абылайхан Жұбаназар 90 кг дейін – Айдар Арапов 100 кг дейін – Нұрлыхан Шархан, Марат Байқамұров
Еске салайық, Елдос Сметов 2024 жылы Париж Олимпиадасында тарихи алтын медаль жеңіп алғаннан кейін жарыстарға қатысқан жоқ. Ол алдымен мансабына уақытша үзіліс алып, шетелде ағылшын тілін үйренуге кеткен болатын. Кейін спортшының иығына операция жасалғаны белгілі болды.