Шешуші төртінші партияда қазақстандық шахматшы қарсыласынан басым түсті
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева блицтен әлем чемпионатын үшінші рет жеңіп алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы «Спорт Шредингера» Telegram-арнасы хабарлады.
Әлем чемпионаты Қатар астанасы Доха қаласында өтті. Әйелдер арасындағы бәсекеде 21 жастағы Бибісара Асаубаева топ жарып, блицтен әлем чемпионы атанды.
Қазақстандық шахматшы алдымен швейцариялық жүйе бойынша өткен турнирде 15 турдың қорытындысы бойынша бірінші орын алып, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда ол қытайлық Чжу Цзиньэр-ді қатарынан үш партияда жеңіп, финалға шықты.
Финалда Бибісара Асаубаева украиналық Анна Музычукпен кездесті. Алғашқы үш партия тең нәтижемен аяқталды. Шешуші төртінші партияда қазақстандық шахматшы қарсыласынан басым түсіп, әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
Осылайша Бибісара Асаубаева Қазақстан тарихында блицтен үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы шахматшы болды. Ол бұған дейін 2021 және 2022 жылдары да әлем чемпионатында жеңіске жеткен.
Сонымен қатар Асаубаева блицтен әлем чемпионатындағы жеңістер саны бойынша ресейлік шахматшы Катерина Лагномен теңесті. Қазіргі таңда екі шахматшы да блицтен әлем чемпионаттарын үш реттен жеңіп, бұл көрсеткіш бойынша көш бастап тұр.