31.12.2025, 19:20

Ақтаулық балуан АҚШ-тың ұсынысынан бас тартты

Фото: әлеуметтік желі

Камиль Куруглиев 2005 жылы туған.

Жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Камиль Куруглиевке үш жыл бұрын АҚШ тарапынан ұсыныс жасалғаны белгілі болды. Балуанның әкесі Магомед Куруглиевтің айтуынша, 2022 жылы Бішкек қаласында өткен U17 Азия чемпионатында және Италияның Рим қаласында өткен U17 әлем чемпионатында чемпион атанғаннан кейін АҚШ-тағы бір колледж өкілі тарапынан тегін оқуға шақырту алған. Сонымен қатар, колледжді тәмамдаған соң университетке түсуге қолдау көрсетілетіні де айтылған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Бұл туралы Камиль Куруглиевтің әкесі спорт журналисі Айбек Мұхановпен әңгіме барысында мәлімдеді. Бірақ бұл ұсынысты белгілі бапкер қабылдамаған көрінеді.

«Мен ұлыма бармайсың деп нақты айттым. Өзім Қазақстан атынан үш Олимпиада ойындарына қатыстым, бірақ жүлде бұйырмады. Енді мен ала алмаған Олимпиада медалін ұлым алуы керек деп есептеймін. Ол Қазақстанның көк туымен жеңіс тұғырында тұрып, Әнұранды шырқатуы тиіс», - деді Магомед Куруглиев.

Камиль Куруглиев 2005 жылы туған. Сол жылы оның әкесі Магомед Куруглиев Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатына еркін күрестен 84 келіде қола медаль иеленген еді.

«Ұлым алдағы уақытта бірнеше әлем чемпионатына қатысып, алтын медаль иеленіп, жеңіс тұғырында тұрғанын көргім келеді. Біз әлі талай белесті бірге бағындырамыз деп сенемін, – деді балуанның әкесі.

Айта кетейік, Магомед Куруглиев ұлы Камиль Куруглиевті жастайын жаттықтырып, бүгінде Маңғыстау өңіріндегі күрес мектебінің дамуына үлес қосып келе жатыр. Сондай-ақ, Камиль жастар арасында әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері. Ол 2024 жылы әскерилер арасында өткен әлем чемпионатында топ жарған. Сондай-ақ, ел біріншілігінің қола медаль иегері.