31.12.2025, 19:00

«Қайрат» қақпашысы Заруцкий «Ақтөбе» сапын толықтырды

Фото: asnews.kz

Оның Алматылық клубпен келісімшарты аяқталған.

Қазақстандық тәжірибелі қақпашы Александр Заруцкий мансабын «Ақтөбе» футбол клубында жалғастырады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Ақ-қызылдар 32 жастағы голкипермен келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде жариялады.

«Ақтөбе» клубы өз мәлімдемесінде Заруцкийдің тәжірибесі мен шеберлігіне ерекше тоқталды.

«Ақтөбе» футбол клубы тәжірибелі қақпашы Александр Заруцкиймен келісімшартқа отырғанын ресми хабарлайды. Александр қазақстандық жанкүйерлерге өзінің сенімді ойынымен және асқан шеберлігімен жақсы таныс. Өткен маусымда «Қайрат» сапында ойнап, команданың Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығуына зор үлес қосты. Енді ол «Қобыланды батыр» стадионында ақ-қызыл түстерді адал қорғайтын болады», - делінген клуб хабарламасында.

Ақтөбелік ұжым қақпашыға жаңа командасымен бірге биік белестерді бағындырып, сенімді ойынымен көзге түседі деген сенім білдірді.

Ал осыдан кейін алматылық «Қайрат» клубы Александр Заруцкиймен ресми түрде қоштасты. Клуб қақпашының келісімшарт мерзімінің аяқталғанын хабарлап, оның командаға қосқан үлесін атап өтті.

«Александр Заруцкий «Қайраттан» кетті. Ол 2025 жылдың басында команда қатарына қосылып, чемпиондыққа елеулі үлес қосты. Оның сенімді ойыны еурокубоктың жазғы іріктеу кезеңіндегі сәтті нәтижелердің негізгі факторларының бірі болды», - деп жазылған клуб мәлімдемесінде.

Сондай-ақ «Қайрат» Заруцкийдің шешуші сәттердегі сабырлылығы мен тәжірибесі бірнеше мәрте командаға көмектескенін атап өтті. Жалпы алғанда, қақпашы алматылық клуб сапында 24 матч өткізіп, оның 9-ында қақпасын голдан аман сақтаған.