Қазақстандық спортшы 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне ауысып, екінші чемпиондық белбеуді жеңіп алуды мақсат етіп отыр.
Қазақстандық ММА шебері Жалғас Жұмағұлов Еуропадағы жетекші лигалардың бірі – Oktagon ұйымында 2025 жылдың үздік спортшысы атағына үміткерлер қатарына енді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Аталған номинациямен қатар, ол салмақ дәрежесіне қарамастан (P4P) Oktagon промоушеніндегі үздік спортшылар рейтингінде 3-орынға көтерілді.
Рейтингтің көшін ауыр салмақтағы чемпион, ирландиялық Уилл Флери бастап тұр. Ол желтоқсан айында UFC-ден 7-1 рекордпен оралған Мартин Будайды нокаутпен жеңген. Ал 2-орында Германия өкілі, орта салмақ чемпионы Керим Енгизек орналасқан. Оның Oktagon ұйымындағы көрсеткіші – 6-0.
Айта кетейік, Жалғас Жұмағұлов Oktagon-ның ең жеңіл салмақ дәрежесіндегі чемпиондық белбеуіне ие және дивизион тарихында титулын сәтті қорғаған алғашқы спортшы атанды.
Соңғы жекпе-жегінде ол UFC-дің бұрынғы топ-15 файтері Давид Дворжакты мерзімінен бұрын жеңіп, Чехия өкілін Прагадағы O2 аренасында, шамамен 20 мың көрерменнің көз алдында тізе бүктірді.