Нани 617 матч өткізіп, 129 гол соғып, 141 нәтижелі пас берген.
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін «Ақтөбе» клубы 39 жастағы португалиялық жартылай қорғаушы Луиш Карлуш Алмейда да Куньямен келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ол футбол әлемінде Нани деген лақап атымен кеңінен танымал.
Луиш Карлуш Алмейда да Кунья 1986 жылғы 17 қарашада Кабо-Верде аралындағы Прая қаласында дүниеге келген. Жасөспірім шағында «Бенфика» мен «Спортинг» клубтарында қаралымнан өткенімен, соңында Лиссабондық «Спортингтің» академиясын таңдады.
Нани футболшы ретінде ең үлкен жетістіктеріне Англияның «Манчестер Юнайтед» клубында жетті. Аталған команда сапында ол төрт рет Англия чемпионы атанып, екі мәрте Англия лигасы кубогын, Чемпиондар лигасын, төрт рет Англия Суперкубогын және клубтар арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алды.
Әр жылдары португалиялық футболшы «Спортинг», «Фенербахче», «Валенсия», «Лацио», «Орландо Сити», «Венеция», «Мельбурн Виктори», «Адана Демирспор» және «Эштрела» клубтарының намысын қорғады. Сондай-ақ, 2016 жылы Португалия ұлттық құрамасы сапында Еуропа чемпионы атанды.
2024 жылдың желтоқсан айында Нани кәсіби мансабын аяқтағанын мәлімдеген болатын және содан бері ресми матчтарға қатыспаған.
Өзінің кәсіби мансабында Нани 617 матч өткізіп, 129 гол соғып, 141 нәтижелі пас берген. Португалия ұлттық құрамасы сапында 111 ойынға қатысып, 24 гол және 24 нәтижелі пас авторы атанды.