$ 502.27  597.15  6.57

Талғат Байсуфинов ресми түрде ұлттық құраманың бас бапкері атанды

Фото: ҚФФ
Фото: ҚФФ

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне Талғат Байсуфинов ресми түрде тағайындалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұған дейін маман 2025 жылдың 30 қыркүйегінен бастап ұлттық құраманы уақытша міндетін атқарушы ретінде басқарған еді. Команданың ойынын тұрақтандырып, іріктеу кезеңіндегі нәтижелерінен кейін ҚФФ Байсуфиновпен толыққанды келісімшарт жасасты.

Талғат Байсуфинов ұлттық құраманы үшінші рет қабылдап отыр. Оның қазіргі кезеңдегі жұмысы 2025 жылдың қазан айында, 2026 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу туры барысында басталды. Қиын сәтте тізгін ұстаған бапкердің жетекшілігімен Қазақстан құрамасы бірқатар сәтті ойын көрсетті.

Атап айтқанда, ұлттық құрама Лихтенштейнді 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, Солтүстік Македония (1:1) және Бельгия (1:1) құрамаларымен тең түсті. Сондай-ақ бір матчта Фарер аралдарына 0:1 есебімен жол берді. Бұл нәтижелер команданың ФИФА рейтингіндегі жағдайын жақсартып, жанкүйерлер сенімін қайтара түсті.

Талғат Байсуфинов бұған дейін де ұлттық құраманың бас бапкері қызметін 2016–2017 және 2020–2022 жылдары атқарған. Клубтық деңгейде ол «Есіл-Богатырь» (Петропавл), «Ақсу», «Ертіс» (Павлодар) және «Ақжайық» (Орал) командаларын басқарды, сондай-ақ Қазақстанның жастар құрамасымен жұмыс істеді.

Футболшы ретіндегі мансабында «Ертіс», «Металлург», «Еңбек», «Экибастузец», «Жетісу» және «Восток» клубтарының намысын қорғаған.

ҚФФ мәліметінше, жаңа келісімшарт Ұлттар лигасының алдағы маусымы аяқталғанға дейін есептелген. Федерация басшылығы құрамамен бұрыннан таныс, ішкі футбол нарығын жақсы білетін маманға сенім артып, 2026 жылғы жаңа турнирлік циклге дайындықты Байсуфиновке тапсырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0