Спортшының рейтингтегі орны өзгерді.
UFC ұйымы Лас-Вегаста (АҚШ, Невада штаты) өткен UFC Fight Night 266 турнирінен кейін барлық салмақ дәрежесі бойынша жаңартылған рейтингін жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әлемдегі ең мықты лига рейтингіндегі жалғыз қазақстандық спортшы Асу Алмабаев (23-3) бір саты төмендеп, аса жеңіл салмақ дәрежесінде сегізінші орынға жайғасты.
31 жастағы қазақстандық файтер 28 ақпанда Мехикода (Мексика) өтетін UFC турнирінің басты жекпе-жегін бастап, промоушеннің бұрынғы екі дүркін чемпионы Брэндон Мореномен (29-3-2) октагонда жолығуы тиіс еді. Алайда Алмабаев турнирдің басты кездесуінен бас тартты.
Кейін бұл ақпаратты спортшының жаттықтырушысы ресми түрде растап, Асу Алмабаевтың қолы сынғанын алға тартты.
Айта кетейік, Алмабаев соңғы рет 2025 жылғы 2 қарашада Катардың Доха қаласында өткен UFC турнирінде октагонға шыққан. Ол кезде қазақстандық файтер америкалық Алекс Пересті (25-10) үшінші раундта мерзімінен бұрын жеңіп, сенімді жеңіске қол жеткізген еді.
Ал осыдан бір апта бұрын UFC жартылай орта салмақ дәрежесінің рейтингінен тағы бір қазақстандық спортшы – Шавкат Рахмоновты (19-0) алып тастағанын еске саламыз. Шавкат та аяғына операция жасатуға мәжбүр болған. Ол бұған дейін өз дивизионында екінші орында тұрған еді.