13.02.2026, 14:00

«Қайрат» өз қатарына тағы бір шетелдік футболшыны қосты

Фото:”Қайрат” фк

23 жастағы жартылай қорғаушы бұған дейін Финляндияның “Ильвес” клубында өнер көрсеткен.

Алматылық “Қайрат” футбол клубы жаңа маусым қарсаңында финляндиялық жартылай қорғаушы Ойва Юкколамен келісімшарт жасасты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Transfermarkt порталының мәліметіне сәйкес, Ойва Юкколаның нарықтық құны шамамен 450 мың еуроны құрайды.

23 жастағы жартылай қорғаушы бұған дейін Финляндияның “Ильвес” клубында өнер көрсеткен. Ол – осы клубтың түлегі.

Юккола Финляндия Премьер-лигасында негізгі құрам сапында 2020 жылы, 18 жасында дебют жасаған.

Жалпы “Ильвес” сапында ол 129 матчқа қатысып, 21 гол соғып, 20 нәтижелі пас берген.

2025 жылдың күзінде Юккола Финляндия ұлттық құрамасында дебют жасап, Норвегияға қарсы кездесуде негізгі құрамда алаңға шықты.

Өткен маусымда Финляндия чемпионатында 28 матч өткізіп, 7 гол соғып, 7 нәтижелі пас авторы атанған.