Кәсіби сумошы спорттық жолын қазақ күресі мен дзюдодан бастап, ұлттық мектептен шыңдалып, халықаралық деңгейде топ жарып жүр.
Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында кәсіби сумо шебері Ерсін Балтағұлмен кездесу өтті. Бұл туралы Sn.kz ақпарат порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ерсін Балтағұл – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби сумошы. Ол Жапонияда өткен “Хацу басё – 2025” кубогінде үшінші орынға ие болып, ел тарихындағы маңызды жетістікке қол жеткізді. 15 күнге созылған турнирде Ерсін Балтағұл қарсыластарын 13 рет жеңіп, 2 рет қана жеңілген.
Кәсіби сумошы спорттық жолын қазақ күресі мен дзюдодан бастап, ұлттық мектептен шыңдалып, халықаралық деңгейде топ жарып жүр.
Қазақ күресімен, дзюдодан жинаған тәжірибем сумо күресімен айналысқанда татамиды, залды сезінуіме көмектесті, сумоға қажет базалық білім берді. Себебі сумода анда-санда жамбасқа лақтыру деген әдістерді қолданамыз, – деді сумошы.
Алматы қаласының тумасы Жапониядағы Нихон университетін тамамдағаннан кейін кәсіби сумода Кинбозан Харуки лақап атымен танымал болған. Бойы 195 сантиметр, салмағы 178 келі болатын спортшы бүгінгі таңда сумо күресінің ең жоғарғы дивизионы – Макуутиде өнер көрсетеді.
Ерсін Балтағұлдың айтуынша, Жапонияда кәсіби сумода 800-ге жуық спортшы бар, соның ішінде жоғары дивизиондағы ең мықты 40 палуан ғана императордың кубогына таласа алады.
Үшінші айда Осака қаласында император жарысы болады. Қазір соған дайындалып жатырмын. Жарысқа Қазақстан, Алматы деп шықаннан кейін, көк туымызды сонау 146 миллион халқы бар Жапонияға шығарып отырғаннан кейін ол – үлкен жауапкершілік. Сондықтан барымды салып күресуге тырысамын, – деді спортшы.
Қазақстандық кәсіби сумо шебері – қазіргі таңда Жапонияда жоғары нәтижелерге қол жеткізген Қазақстаннан жалғыз өкіл. Ол қазақстандық палуандадың сумо спортымен айналысуға әлеуеті жеткілікті деп санайды. Сондықтан қазақ спортшыларын Жапонияға тарту жолдарын қарастырып жатқанын айтты.
Қазақстанда сумо спортының болашағы бар деп ойлаймын. Неге десеңіздер, бізде қазақтың ұлттық күресі, Qazaqstan Barysy сияқты турнирлер, түйе палауандарымыз, қазақтың ірі жігіттері бар, – деді сумошы.
10 жыл сумо спортымен айналысып жүрген палуан бұл спорт түрінің жапондар үшін маңызына да айтып өтті.
Сумо спортының тереңіне үңілетін болсақ, бұл бұрынғы императорлардың күресі деп айтылады. Содан қалыптасқан спорттың бір түрі болғандықтан, жапондар үшін құнды. Жапонияда сумо федерациясының құрылғанына 100 жыл болды, – деді Ерсін Балтағұл.
Айта кетейік, Жекпе-жек сарайындағы кездесуге қазақ күресінің абсолютті салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген түйе балуандар, Qazaqstan Barysy республикалық турнирінің жеңімпаз-жүлдегерлері қатысты. Олар спортшыдан кәсіби жолы, Жапониядағы дайындық жүйесі, сумо мәдениеті, сондай-ақ ұлттық спорттан халықаралық аренаға шығу тәжірибесі жөнінде сұрады.