24.02.2026, 11:00

Әйгілі Флойд Мейвезер мен Мэнни Пакьяо арасындағы реванш қашан өтетіні белгілі болды

Фото: Getty Images

Флойд Мейвезердің (АҚШ) жасы 49-да болса, Мэнни Пакьяо (Филиппин) 47-ден асты.

Әлемдік бокстың көзі тірі аңыздары Флойд Мейвезер (50-0, 27 KO) мен Мэнни Пакьяо (62-8-3, 39 KO) қарымта жекпе-жек өткізетін болды. Матч-реванш 19 қыркүйекке жоспарланған. Лас-Вегаста өтетін бокс кешін Netflix стримингтік сервисі тікелей эфирде көрсетеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап. 

Айта кету керек, Флойд Мейвезердің (АҚШ) жасы 49-да болса, Мэнни Пакьяо (Филиппин) 47-ден асты. Екеуі 2015 жылы жекпе-жек өткізіп, ол кезде төрешілер шешімімен америкалық боксшы жеңіске жеткен болатын.

«Біз Флойдпен бокс тарихындағы ең ірі бокс кешін өткізген болатынбыз. Содан бері жанкүйерлер қарымта кездесуді ұзақ күтті және олар біздің жекпе-жекті көруге лайықты. Мен Флойдтың мансабында бір жеңіліс болғанын қалаймын және ол осы жеңілісті мәңгілікке есінде сақтауы үшін барымды саламын», - деді Пакьяо аталған ақпарат тарағаннан кейін.

«Мен бұған дейін Мэннимен бір рет кездесіп, жеңген едім. Бұл жолы да дәл осы нәтиже қайталанады», - деп қысқа қайырды кіші Мэйвезер.

Қос боксшының жаттығуға кірісіп кеткенін фанаттары бұған дейін әлеуметтік желідегі видеолардан байқаған. Алайда, матч-реванш өтетіні көпшілікке тосын сый болды.