Нәтижесінде қазақстандық шахматшы рейтингте тағы 19 ұпай иеленіп, әлемдік тізімде тоғызыншы орынға көтерілді.
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) жаңартылған рейтингінде үздік ондыққа кірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Асаубаева Нидерландтың Вейк-ан-Зее қаласында өткен Tata Steel Chess Challengers 2026 турнирінде сәтті өнер көрсетті. Жерлесіміз 13 партияның төртеуінде жеңіске жетіп, жетеуін тең нәтижемен аяқтап, тек екі рет жеңілді. Нәтижесінде қазақстандық шахматшы рейтингте тағы 19 ұпай иеленіп, әлемдік тізімде тоғызыншы орынға көтерілді.
Әйелдер арасындағы FIDE рейтингінде алғашқы бес орын Қытай шахматшыларына тиесілі. Көш басында бұрынғы әлем чемпионы Хоу Ифань тұр.
Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында Бибісара Асаубаева блицтен үш дүркін әлем чемпионы атанған. Осы жетістігінің арқасында ол 2026 жылдың сәуір айында өтетін Үміткерлер турниріне алғаш рет жолдама алды. Бұл дода жеңімпазы классикалық шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матчқа қатысуға мүмкіндік алады.