$ 491.59  572.16  6.24

«Сыналдық, бірақ сынбадық!»: IBF белбеуінен айырылған Әлімханұлы мәлімдеме жасады

Сонымен қатар ол шамамен сегіз айдан кейін қайтадан рингке шығатынын айтты.

Фото: @janibek_alimkhanuly
Фото: @janibek_alimkhanuly

Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта International Boxing Federation (IBF) нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан айырылғаннан кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Спортшы IBF белдігінен айырылғанымен, WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағы әлі өзінде екенін еске салды.

Сонымен қатар ол шамамен сегіз айдан кейін қайтадан рингке шығатынын айтты.

«Сыналдық, бірақ сынбадық! Керісінше, шыңдалдық! Шешімдер шықты, IBF кетті, WBO қалды.

Қалай болғанда да қазір мен WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионымын! 1 титул сақталды! Аллаға шүкір! Бұйыртса 8 айдан соң рингке шығамын! Үлкен жорық жалғасады. Құдай жаратқан төбені кетпен шауып біте алмайды! Құдай жаққан отты адам үрлеп өшіре алмайды! Біз әлі аяқтамадық, меніңше бәрі енді басталатын сияқты!

Кәсіпқой бокс біреулер үшін спорт болса, кейбіреулер үшін тек бизнес! Біз спорт жағындамыз! Біз қазақылық бағытындамыз!

Қазанаттың жолында жазық та бар, ор да бар, азаматтың жолында бақыт та бар, сор да бар! Бұл – өмір заңы! Әр қиындықтан соң, қуаныш барын ұмытпаймыз!

Мен допингке қарсымын! Мұны бұрын да айтқанмын, қазір де айтамын! Өткен нәрсе өтті, біткен нәрсе бітті! Талқылай бергеннен, уайымдай бергеннен тағдыр өзгермейді. Ең бастысы ел менің кім екенімді, қандай боксшы екенімді жақсы біледі!

Ардақты ағайын, біз әлі ӘЛЕМ чемпионымыз! Алдымызда талай додалар күтіп тұр! Жеңісті күнде жүздесейік! Қолдауларыңызға рақмет», – деді спортшы.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0